АЛМАТЫ, 30 қараша – Sputnik. Алматыда 13 адамның өмірін қиған трагедияның қалай болғанын Sputnik Қазақстан тілшісіне куәгерлер айтып берді.
Өрттен аман қалған 22 адамды әкімдік басқа хостелге орналастырған. Арасында жұмысшы да, студент те бар. Дені – жастар. Соның бірі – өрттен жанталасып қашқан талдықорғандық Рустам Бүркітбаев.
"Алматыда бірнеше жылдан бері жұмыс істеймін. Түнгі үште жұмыстан келіп ұйықтауға жаттым. Сағат беске таман достарым келді. Арада 15 минут өтпей бізді оятты. Ел шулап кетті. Ешнәрсе түсінбедім. Біздің бөлмеде түтін болмады. Есікті ашып қалсақ, қап-қара түтіннен түк көрінбейді. Көлігімнің кілті мен құжатымды ғана алып үлгеріп, сыртқа қаштық. Бірақ қара түтіннен ешнәрсе көрінбегендіктен қолыммен сипалап, сыртқа қарай тездетіп шығуға тырыстым", - дейді Рустам Бүркітбаев.
Рустамның айтуынша, адамдар есіктен шыға алмай, кептеліп қалған.
"Есіктен шыға алмай қаламыз ба деп жанталасқаным соншалық, үрейіміз ұшып кетті. Адамдар қатты айқайлап, шулады. Терезелерді сындырып жатқандар болды. Бірақ терезенің әйнегі қарапайым әйнек емес, өте қалың болды. Естуімше бұл жер қару-жарақ дүкенінің ғимараты болған. Біз сыртқа шыққан соң терезені таспен ұрып сындырдық. Хостелде тағы бір есік болды. Бірақ ол құрылыс заттарымен жабылып тұрды. Ашылмайтын", - дейді куәгер.
Хостел ғимараты үш қабатты болған. Бірінші қабаты жертөледе орналасқан.
Ал 19 жастағы Нұрсұлтан Дюргалов хостелде бауырларымен бірге тұрған.
"Көзімше 13 адамның мәйітін алып шықты. Өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері олардың жансыз денесін біртіндеп шығарып жатты. Ең бірінші денесін алып шыққан жігіттің жасы – 15-16-ларда. Ол студент болатын. Етене жақын таныс емеспін, бірақ үнемі амандасып жүретінбіз. Ол жертөледегі қабатта тұратын. Өрт аяқасты болды, не болғанын ұқпай қалдық", - дейді куәгер Нұрсұлтан Дюргалов.
Нұрсұлтанның ағасы Мавлюдхан да сол хостелде тұрған. Жас жігіттер Тараздан келіп, Алматыда шайханада нәпақасын тауып жүрген.
"Мен досыммен хостелге сағат таңғы бестерде келдім. Бірден ұйықтап кетіппіз. Өрт дабылы қағылып, 15 минутта шу басталып кетті. Өрт сөндірушілер мен полиция қызметкерлері 5-6 минутта тез келді. Қою түтін басып қалды, адамдар шыға алмай қатты қиналды. Терезені сындырғандардың барлығы жараланды. Қолдарын, аяқтарын, денелерін әйнектер тіліп кеткен. Көз алдымызда 13 мәйітті алып шықты. Оларды аман алып қалу үшін жанталасты, бірақ мүмкін болмады", - дейді өртенген хостел тұрғыны Мавлюдхан Дюргалов.
Зардап шеккендердің арасында студенттер де бар. Олар қазір Алматыдағы Сейфуллин көшесі 518 мекенжайындағы хостелге орналастырылған. Студенттердің қасында университет оқытушылары жүр. Олар қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.
Куәгерлердің айтуынша, өртенген хостелдің бір айлық құны 35-40 мың теңге болған. Айтпақшы, куәгерлер өрт хостелге 2-3 күн бұрын әкелінген матрацтан шықты дегенді айтады.
Еске сала кетейік, Алматыда 30 қарашаға қараған түні хостелдердің бірінен өрт шығып, 13 адам қайтыс болды. Кейіннен қаза тапқан марқұмдардың қай елдің азаматтары екені айтылды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, хостелдің рұқсат құжаты болмаған. 13 адамның өмірін қиған өртті тексеруге үкіметтік комиссия құрылды.