Бас прокуратура Самат Әбіш туралы: елден кетіп қалады деуге негіз жоқ

Ол "қаңтар оқиғасы" кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланды деген күдікке ілінген еді
Sputnik
АСТАНА, 30 қараша – Sputnik. Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Самат Әбішке қатысты ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы өзгермегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бұл қылмыстық іс бойынша бұлтартпау шарасы өзгертілген жоқ. Сол ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы өз күшінде. Себебі ешқандай да бой тасалау немесе жауап беруге келмей жатыр деген фактілер жоқ", - деді Өмірәлиев мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп.
Журналистердің "елден кетіп қалады деп ойламайсыздар ма?" деген сұрағына:
"Тергеу органдарында оған ешқандай негіз жоқ", - деп жауап берді бас прокурордың орынбасары.
Айтуынша, Самат Әбіштің үстінен лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Биыл 19 қыркүйекте бас прокуратура қаңтар оқиғасы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты тергеу басталғанын хабарлады. Ол "қаңтар оқиғасы" кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.
Дәл сол күні бас прокуратура Самат Әбіштен ешқайда кетпеу туралы қолхат алғанын, ол Қазақстанда екенін мәлімдеді.
Айта кетері, Самат Әбіш – тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі. 2015 жылдан бастап қаңтар оқиғасына дейін, яғни 2022 жылдың қаңтарына дейін ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Еске сала кетейік, қаңтар оқиғасынан кейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары ұсталды. Артынша оларға сот үкімі шықты. Мәсімовтің мүлкі тәркіленіп, ол 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Мәсімовтің орынбасары болған Самат Әбіш қызметінен босатылды, оның үстінен қылмыстық іс қозғалған жоқ.
Қоғам
Бас прокуратура Самат Әбішке қатысты тергеу бастады