АСТАНА, 29 қараша — Sputnik. Қазақстан Палестинаға 38 тоннадан асатын гуманитарлық көмек жібереді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан Палестинаға қосымша гуманитарлық көмек көрсетеді", - деп жазылған хабарламада.
Бұл мәселе премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен үкіметтік комиссия отырысында талқыланды.
Гуманитарлық көмекке азық-түлік, төсек-орын жабдықтары, дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар кіреді. Жүктер жақын арада әуе көлігімен жөнелтіледі.
Қазақстанның қолдауы Газа секторындағы гуманитарлық апатты жағдайға байланысты Палестинаға көмек көрсетуге бағытталған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан Палестина халқына 1 млн доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсеткен болатын.