Қазақстан гуманитарлық көмек ретінде Палестинаға 1 млн доллар аударды

© Sputnik / Болат ШайхиновСыртқы істер министрлігінің ғимараты
Сыртқы істер министрлігінің ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.11.2023
Жазылу
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Қазақстан Палестинаға гуманитарлық көмек көрсететінін мәлімдеген еді
АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Қазақстан үкіметі бөлген 1 млн доллар БҰҰ-ның Таяу Шығыс агенттігіне аударылды. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның ақпаратынша, Батыс, Азия, Африка және Таяу Шығыс елдері, атап айтқанда Парсы шығанағы Араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі мемлекеттері, АҚШ, Еуропа одағы, Канада, Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Қытай, Түркия және басқалары Газа секторында және Иордан өзенінің батыс жағалауында зардап шеккен Палестина халқына қаржылық және материалдық гуманитарлық көмек көрсету туралы шешім қабылдаған.
"Газа секторындағы апатты гуманитарлық жағдайды ескере отырып, Қазақстан да шет қалмауға және Палестина халқына 1 млн АҚШ доллары көлемінде гуманитарлық көмек көрсетуге шешім қабылдады. Бұл шешімді Түркі мемлекеттері ұйымының оныншы саммиті барысында Қазақстан президенті жариялады. Қазақстан үкіметі бөлген қаражат БҰҰ-ның Таяу Шығыс агенттігіне аударылды. Ұйым Палестина халқына жеті онжылдық бойы төтенше және басқа да көмек көрсететін жұмыстарды ұйымдастырып келеді", - деді Смадияров апта сайынғы брифингте.
СІМ ресми өкілі гуманитарлық қызмет еліміздің сыртқы саясатының маңызды бағытының бірі екенін атап өтті.
"Бейбіт саясат пен әділдік қағидаттарын ұстанатын Қазақстан әрдайым қиын гуманитарлық жағдайға тап болған мемлекеттерге қолдау көрсетуге ұмтылады", - деді Смадияров.
СІМ ақпаратынша, биыл 7 қазанда басталған палестиналық ХАМАС қозғалысы мен Израиль арасындағы қарулы қақтығыс Газа секторында апатты гуманитарлық дағдарыс тудырды. Соңғы мәліметтер бойынша қақтығыс салдарынан Газа секторында 10 мыңға жуық адам қаза тауып, 20 мыңнан астам адам жарақат алған. Сонымен қатар құрбандардың үштен екісі – әйелдер мен балалар.
БҰҰ Таяу Шығыс агенттігінің ақпаратына сәйкес, Газа секторындағы халықтың жағдайы өте күрделі және екі миллионнан астам адам азық-түлік көмегіне мұқтаж.
Жаңалықтар
0