АСТАНА, 29 қараша – Sputnik. Қазақстан мен Түрікменстан қос мемлекеттің аумағы арқылы Қытайдан Иранға көлік дәлізін бірлесіп дамытуға уағдаласты, деп хабарлайды көлік министрлігі.
Ашхабад қаласында Қазақстанның көлік вице-министрі Талғат Ластаев және Түркіменстан министрлер кабинеті жанындағы көлік және коммуникация агенттігі бас директорының орынбасары Батыр Аннаевтың тең төрағалығымен көлік, транзит және логистиканы дамыту мәселелері жөніндегі Қазақстан-Түркіменстан бірлескен жұмыс тобының бірінші отырысы өтті.
Отырыс аясында көлік, транзит және логистика саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
"Жұмыс тобының отырысы барысында тараптар "Қытай – Қазақстан – Түрікменстан – Иран" дәлізін бірлесіп дамыту туралы уағдаласты", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ тараптар теміржол қатынасы саласында икемді бәсекеге қабілетті тарифтік саясатты қалыптастыру мәселесін көтерді.
Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан көлік министрлігі мен Түрікменстан мнистрлер кабинеті жанындағы Көлік және коммуникациялар агенттігі арасында көлік саласындағы өзара байланыс туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандум екі ел арасындағы теміржол және теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді. Атап айтқанда, қолайлы тарифтік жағдайлар жасау, инфрақұрылымды дамытуды үндестіру, өзара ақпаратпен алмасу үшін цифрлық шешімдерді енгізу жөнінде бірлескен шаралар қабылдауды қоса алғанда, екі елдің аумақтары бойынша тасымалдау көлемін арттыру мәселелері қамтылады.