Жүруге шамасы келмеген: Алматы облысында ашыққан балалар анықталды

Рейд нәтижесінде әкімшілік жауапкершілікке 51 ата-ана тартылды
Sputnik
АЛМАТЫ, 28 қараша – Sputnik. Алматы облысында аштықтан жүруге жағдайы келмеген алты жасар бала анықталды. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады.
Ведомство мәліметінше, Алматы облысында есепте тұрған, тұрмыс жағдайы төмен және өгей әкелері бар 400 отбасы тексерілді.
"Іле ауданында аштан жүдеу, сөйлеуге және жүруге мұршасы жоқ 6 жастағы бала анықталды. Бала жедел түрде "Екі жақты пневмония" диагнозымен аудандық ауруханаға жатқызылып, оған медициналық көмек көрсетілді", - делінген хабарламада.
Қамқоршылық орган баланың ата-анасының құқығын шектеу талабымен сотқа жүгінді.
"Райымбек ауданында да үш баласы жүдеу отбасы анықталды. Оларға медициналық көмек көрсетіліп, қысқы қиім сатып алынды, екі бала жазылған соң балабақшаға, ал үлкені мектеп интернатқа орналастырылатын болады", - дейді прокуратурадағылар.
Сондай-ақ Балқаш ауданындағы үш отбасында өгей әкелер балаларды ұрып-соққан. Полиция органдары кінәлілерге қатыcты "Ұрып-соғу" бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғады.
Рейд нәтижесінде әкімшілік жауапкершілікке 51 ата-ана тартылды. Жауапсыз ата-аналардан 15 бала алынды, сотқа ата-ана құқықтарын шектеу туралы 7 талап апыз берілді.
86 отбасына азық-түлік, көмір және балаларға жылы киім түрінде материалдық көмек көрсетілген. 901 бала медициналық тексеруден өтіп, 16 бала ауруханаға жатқызылған. Тұрғын үйге кезекке 152 бала қойылып, екі отбасына тұрғын-үй алуға көмек көрсетілген.
Павлодар облысының еріктілері Шідертіде 8 айлық сәбидің аштықтан көз жұмғанын хабарлады