АЛМАТЫ, 28 қараша – Sputnik. Ақмола облысы, Астана және Шымкент қалаларының аумағында бағалы металдарды аса ірі көлемде заңсыз сатумен айналысқан топ ұсталды, деп хабарлады қаржы мониторингі агенттігі.
Қылмыстық топ алтынды заңсыз өндіріп, сатып алып және одан зергерлік бұйымдар жасап сатқан.
"2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін бес күдікті Бестөбе кентінде "қара ниетті іздеушілер" заңсыз өндірген және қайта өңдеген алтынды сатып алумен айналысқан. Кейіннен алтын құймалары жасырын арналар арқылы жеткізіліп, жерасты цехтарында зергерлік бұйымдар дайындалған. Ол зергерлік заттарға есепке алынбаған сауда маркалары соғылған. Заңсыз алтындар Астана мен Шымкент сауда үйлерінде сатылған", - дейді ведомство.
Тінту кезінде 35 млн теңгеден астам сомаға құрамында 99,5% алтын бар 1 килограмнан астам алтын құйма және сатуға дайындалған 335 зергерлік бұйым тәркіленді.
"2021 жылғы қаңтардан 2023 жылғы қазанға дейін күдіктілер арасындағы ақша айналымы 300 млн теңгеден асқан. 5 адам күдікті деп танылып, оның 3-уі қамауға алынды", - дейді агенттік мамандары.