АСТАНА, 25 қараша – Sputnik. Астана әуежайында 27-30 қарашада тестілік режимде жолаушыларды биометриялық сәйкестендіру арқылы тіркеу бағдарламасы іске қосылады. Бұл туралы "Халықаралық әуежай" АҚ басқарма төрағасы Ерғазы Жолдасов айтты, деп хабарлады Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров Астана халықаралық әуежайына барды. Ол қауіпсіздік жүйелері, пайдаланылатын бағдарламалық қамтамасыз етумен және әуежайдың жұмысымен танысты.
"Сондай-ақ әуежайда цифрландыру деңгейін арттыру мәселелері бойынша кеңес өтті. Онда әуежайды одан әрі дамыту перспективаларына қатысты мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, биометриялық сәйкестендіру мүмкіндігін енгізу мәселесі көтерілді", - деп жазылған хабарламада.
Жүйенің көмегімен жолаушылар рейске тіркелу кезінде барлық қажетті операцияны жасай алады, құжаттарды өз бетінше толтырады және басып шығара алады. Сонымен бірге паспорттың электронды нұсқасын толық пайдаланады.
"Халықаралық әуежай" АҚ басқарма төрағасы Ерғазы Жолдасов құрылған арнайы фокус-топ биометриялық сәйкестендіру бойынша жолаушыларды тіркеу бағдарламасын тест режимінде іске қосатынын атап өтті.