АСТАНА, 23 қараша – Sputnik. Алматы облысында салынатын Алатау қаласы отандық және шетелдік инвестицияларды тарта отырып, жаһандық стандарттар бойынша жұмыс істейтін Халықаралық бизнес хабқа айналуға тиіс. Бұл ретте Дубай, Сингапур, Тяньцзинь және т.б. сияқты әлемнің әйгілі орталықтарын құру тәжірибесі негізге алынбақ, деп хабарлады премьердің баспасөз қызметі.
Алатау шаһарының (G4 City) құрылысы жобасын іске асыру мәселелері үкіметте талқыланды. Қаланы дамыту Қытаймен және Орталық Азия елдерімен сауда және инвестициялық өзара іс-қимыл деңгейін арттыруға, бірқатар жаңа өндірістік және коммерциялық жобаны іске қосуға, түрлі салаларда озық тәжірибені енгізуге мүмкіндік береді.
"Осы мақсатта инвестициялар тарту және кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасалып, ынталандыру шаралары қолға алынады. Бұл салық және кедендік артықшылықтарға да қатысты", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар Алатау қаласының аумағында ерекше құқықтық режим, оның ішінде "Астана" халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) құқығын енгізу мүмкіндігі қаралады.
Отырыста бұдан басқа бизнеспен өзара іс-қимыл кезінде, атап айтқанда, мемлекеттік-жекешелік серіктестік тетігі арқылы қажетті инфрақұрылым құрылысын жандандыру қажеттігі айтылды.
Бұған дейін Алатау қаласы құрылатыны хабарланған болатын, "Ашық құқықтық актілер" сайтында премьер-министр қаулысының жобасы жарияланды. Қала Алматы мен Қонаев арасында орналасады.
Құжат 29 қарашаға дейін қоғамдық талқылауда болады.