Қазақстанда 655 алғашқы медициналық көмек көрсету нысаны ашылады

Үкімет басшысы республиканың бірқатар өңіріндегі медициналық орталықтардың құрылыс қарқынына көңілі толмайтынын айтты
Sputnik
АЛМАТЫ, 24 қараша – Sputnik. Ұлттық жоба аясында өңірлерде 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысанын ашу жоспарланып жатыр, деп хабарлады премьер-министрдің ресми сайты.
Премьер-министр Әлихан Смайылов "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді.
"Ұлттық жоба аясында өңірлерде 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысанын ашу жоспарланып отыр. Оның ішінде 257 медициналық, 238 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория бар. Биыл 99 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бүгінгі таңда оның 20-сы аяқталды, қалғандары бойынша жұмыстар жалғасуда", -деп жазылған хабарламада.
Ұлттық жобада инсульт орталықтары, кардиология, жансақтау, оңалту бөлімдерін ашып, оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы 32 көпсалалы орталық аудандық аурухананы жаңғырту қарастырылған.
Премьер-министр Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қостанай және басқа да бірқатар облыстың әкімдіктеріне алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің жаңа нысандарын салу бойынша жұмысты жеделдетіп, жыл соңына дейін пайдалануға беруді тапсырды.
"Ұлттық жобаны іске асыру үкіметтің бақылауында. Министр мен өңірлердің әкімдері бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет", — деді Әлихан Смайылов.