АСТАНА, 23 қараша - Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов Болат Назарбаевтың жаназасына не себепті барғанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін сенатта өткен брифинг кезінде журналистер халықтың арасында талқыланған бір мәселені сұрады. Жақында премьер-министр экс-президенттің інісі қайтыс болғанда жаназасына барған.
“Сонда жаназаға баруыңыз азаматтық ұстанымыңыз ба? Әлде хаттама бойынша жасалды ма?”,- деп сұрады тілшілер.
Үкімет басшысы қайтыс болған адамның туыстарына көңіл айту ата-бабамыздан қалған дәстүр екенін еске салды.
“Сондықтан мен премьер-министр ретінде тұңғыш президентке көңіл айтуды жөн деп санадым. Оның үстіне сол күні Алматы облысында іс сапармен болдым. Үлкен, өте маңызды жобаны бастадық. Ол - Алматы қаласының айналма теміржол құрылысы. Бұл жоба еліміздің көлікті және транзиттік әлеуетін көтереді”,- деп атап көрсетті Смайылов.