АСТАНА, 23 қараша – Sputnik. Астана полицейлері көліктен 9 млн теңге салынған сөмкені ұрлаған жолаушыны ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
Нұра ауданының полиция басқармасына жеке такси жүргізуші жүгініп, 9 млн теңге ақша салынған сөмкенің жоғалғаны туралы хабарлаған.
Ер адамның айтуынша, ол адамдарды тасу арқылы қосымша ақша табу үшін досының Toyota Camry автокөлігін алып отырған. Әдеттегідей көлікті алып, жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын күні досы ұмытып кеткен, ішінде ақшасы бар рюкзактың салонда жатқанын білмеген. Бір түнде такси салонына 17 адамның отырғаны анықталды.
Қиын әрі мұқият жұмыс барысында полицейлер жолаушыларды жеткізген барлық мекенжайды анықтады. Бейнекамераларды қарау барысында жоғалған сөмкені ұстап бара жатқан ер адам көзге түсті.
Жедел іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде полиция қызметкерлері 30 жастағы жолаушыны анықтады, ол түнде такси салонында жолаушылар орындығынан рюкзакты көріп қалған. Баратын жеріне жеткенде күдікті өзімен бірге бөтеннің мүлкін алып кеткен.
Қазіргі уақытта жолаушыға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Елорда аумағында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.