АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Лаура Мырзағали Талғар аудандық орталық ауруханасының медициналық директоры қызметінен босатылды. Қазір оған қатысты қызметтік тергеу басталды, деп хабарлайды аурухананың баспасөз қызметі.
"A-Class Medical" сенімгерлік басқарушы компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Л.Мырзағали жүргізіліп жатқан қызметтік тергеуге байланысты қызметінен босатылды. Бұл шешім жергілікті интернет-басылымдардың ашық беттерінде ұсынылған дәлелдер мен материалдар негізінде қабылданды.
"Медициналық директорды орнынан алып тастаудағы мақсат – Талғар аудандық орталық ауруханасының медицина қызметкерлеріне қатысты заңсыз әрекеттерді тергеудің объективтілігін қамтамасыз ету. Қызметтік тергеу жүргізу үшін құрылған комиссия ұсынылған фактілер мен мән-жайға талдау жасайды. Басқарушы компания тергеу барысында объективтілік пен әділдік принциптерінің сақталуына кепілдік береді. Талғар аудандық орталық ауруханасы қызметкерлерінен сабыр сақтап, тергеу аяқталмайынша БАҚ пен әлеуметтік желіде мәлімдеме жасамауды сұрайды", - делінген хабарламада.
Осы жылдың ақпан айында жұмыстан қуылған Лаура Мырзағалидың Алматы облысындағы ауруханалардың біріне жұмысқа орналасқаны белгілі болды.
Былтыр қаланың этика кеңесінің шешімімен шенеунік әйел тәртіптік жазаға тартылды. Мырзағали қол астындағы қызметкерлерге дөрекі сөйлеп, артығымен жазып берген сыйақыны беруді талап еткен.
Ол жұмыстан босатылып, үш жыл бойы мемлекеттік қызметке орналаса алмайды деген шешім шығарылған. Алайда осы жылдың ақпан айында жұмыстан қуылған Лаура Мырзағалидың Алматы облысындағы ауруханалардың біріне жұмысқа орналасқаны белгілі болды.