Аман Төлеев қайтыс болды

Ол 1997 жылдан 2018 жылға дейін Кемерово облысының губернаторы болған
Sputnik
АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Ресейдің Кемерово облысының бұрынғы губернаторы Аман Төлеев 79 жасында қайтыс болды. Бұл туралы қазіргі аймақ басшысы Сергей Цивилев мәлімдеді, деп хабарлады РИА Новости.
"1997 жылдан 2018 жылға дейін Кемерово облысының губернаторы болған Аман Төлеев өмірден өтті. Ол бүкіл өмірін Кузбасс пен Ресейге қызмет етуге арнаған жарқын, ерекше тұлға", - деп жазды Цивилев Telegram желісіндегі арнасында.
Ол Төлеевтің өлімін орны толмас қаза деп атап, облыс өмірінің тұтас бір дәуірі бұрынғы губернатормен байланысты екенін айтты: ол шахтерлер Транссібір теміржолындағы көлік қозғалысын бөгеген қиын-қыстау кезеңде аймақты басқарды және ол дағдарыстан алып шықты.
"Кузбастықтар Аман Төлеевті өз қызметінде әрқашан халықтың мүддесін бірінші орынға қоятын нағыз халық губернаторы ретінде еске алады", - деп жазды Цивилев.
Еске сала кетейік, Аман Төлеев 2018 жылдың наурыз айында Кемерово қаласындағы "Зимняя вишня" сауда-ойын-сауық орталығында болған өрттен кейін өз еркімен отставкаға кетті. Бұл қайғылы оқиға салдарынан 64 адам көз жұмды, соның ішінде жартысынан көбі балалар болатын.
Аман Ғұмырұлы 1944 жылы Түрікменстанда туған. Қазақтың Адай руынан шыққан.
Видео
Губернатор Аман Төлеев не үшін қызметінен кететінін түсіндірді – видео