Премьер-министр Марқакөл мен Қатонқарағай аудандарын қалпына келтіруді тапсырды

Үкіметтегі кезекті жиын Шығыс Қазақстан облысының дамуына арналды
Sputnik
АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайылов Марқакөл және Қатонқарағай аудандарын қалпына келтіруді тапсырды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
"Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Марқакөл және Қатонқарағай аудандарын қалпына келтіру жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырамын. Әкімдікпен бірлесіп, тапсырмалардың барлығын уақтылы әрі сапалы орындау үшін ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту қажет", - деді премьер-министр.
Жиынға қатысушылар "Алтай" көтерме-тарату орталығын, Риддер қаласындағы емханасы бар көпбейінді аурухана кешенін салу мәселелерін де талқылады.
Отырыста облыстағы Қандысу және Үйдене су қоймаларын, сондай-ақ өңірдің суармалы жерлеріндегі шаруашылықаралық және шаруашылықішілік каналдарды күрделі жөндеу мәселелері талқыланды.
"Жиында Бұқтырма су қоймасы арқылы көпір салу, республикалық және жергілікті маңызы бар күре жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу, туристік нысандарға жол инфрақұрылымын тарту мәселелері де қаралды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, тау-кен металлургия кешеніне инвесторлар тарту, жұмыс істеп тұрған су электр станцияларын жетілдіру және жаңа шағын станциялар салу, жылу көздеріндегі жөндеу жұмыстарының барысын бақылауды қамтамасыз ету және басқа да бірқатар мәселелер көтерілді.
Әлихан Смайылов жалпы республикаға көптеген су қоймаларын қайта жаңғырту қажет екенін, сондықтан бұл жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізу керектігін айтты.