АСТАНА, 17 қараша - Sputnik. Бүгін арнайы эвакуациялық бортпен 99 жолаушы – Қазақстан азаматтары мен олардың отбасы мүшелері Алматы қаласына аман-есен ұшып келді, деп хабарлайды сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметінше, әуежайдағы барлық міндетті рәсімдерден өткеннен кейін эвакуацияланған азаматтарға уақытша баспана беріліп, оларға қажетті құқықтық, медициналық және өзге де көмек көрсетілуде.
"Сәтті іске асырылған эвакуациялау процесі – Қазақстанның Израильдегі, Иорданиядағы және Мысырдағы елшіліктерінің осы елдердегі уәкілетті органдарымен және халықаралық ұйымдармен бірлескен үйлесімді жұмысының нәтижесі", - делінген хабарламада.
Таяу Шығыс өңірінің сыртқы саяси ведомстволарының басшылығымен келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы істер министрлігі азаматтарымыздың Газа секторынан қауіпсіз және еш кедергісіз шығуы туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Қазақстандық дипломаттар қақтығыс аймағында қалып қойған Қазақстан азаматтарына көмек көрсету және эвакуациялық іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі жұмысты жалғастырады.
Бұған дейін Газа секторынан эвакуацияланған қазақстандықтар "Рафах" бекетінен өтіп, Каирге жеткені туралы хабарланған болатын.