АСТАНА, 17 қараша – Sputnik. Петропавл қаласында сауда желісінің басшылығынан ақша бопсалаған блогерлер ұсталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz порталына сілтеме жасап.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы сауда желілерінің директоры жазған арыздан кейін арнайы операция өткізді. Сол кезде кәсіпкерден 50 миллион теңге бопсалаған қаланың екі тұрғыны ұсталды. 33 және 34 жастағы екі жігіт әлеуметтік желілерде тұтынушылардың құқықтарын қорғауға арналған ресурстардың авторлары ретінде тіркелген. Бірақ аудиториясы көп емес. YouTube арнасына бірнеше мың адам жазылған. Басым бөлігі – Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары.
"Ұсталғандар былтырдан бері тұтынушылардың құқықтарын қорғаймыз деп, Петропавлдың сауда орындарына рейдтер де жасаған. Арандатушылық сипатындағы бейнероликтер түсірген. Полициямен де жанжалдасып, бәрін желіде салып жүрген. Ал арандатушылық пен жанжалдар кезінде мерзімі өткен өнімді сату фактісін желеу етті. Алайда кей кезде шоколад, сусындар сияқты тауарлардың ақшасын төлемей, өздерімен бірге алып кетіп отырған", - дейді полицейлер.
Күдіктілер мемлекеттік органдарға шағым түсіруді де ұмытпады. Соның негізінде жоспардан тыс тексерістер болды. Ал қыркүйек айының басында сауда желісінің өңірлік директорынан 50 млн теңгені талап еткен. Осы ақшаның 10 процентін алып жатқан жерінде ұсталды.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 194-бабы, 2-бөлігінің 2-тармағы (Қорқытып алу, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған әрекет) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Айта кетері, осы қылмыс үшін үш жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамдардың мүлкі тәркіленеді.