АСТАНА, 17 қараша - Sputnik. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Бишімбаевтың ісі бойынша түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қожаев алдымен осы қылмыстық іс бойынша тергеушілер не себепті ауысып жатқанын түсіндірді.
“Бірінші күні оқиға орнына арнайы тергеу тобы шығады, олар кезекші топ. Ал ертеңгі күні алдын ала тергеу басқа маманға тапсырылады. Ол адамның қасында тағы бірнеше тергеуші болады. Бір тергеуші емес, топ болып тергеуі мүмкін. Тергеушілердің ауысуына қатысты әңгімелер осыдан тарап жатқан шығар”, - деді Қожаев журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бір айдан кейін шығуы керек.
“Әдетте сот-медициналық сараптама бір ай жасалады”, - деп атап көрсетті Қожаев.
Сот-сараптамасы кезінде Салтанат Нүкенованың қайтыс болған уақыты да анықталады.