Негізсіз жалақы төлеген: "ӨзенМұнайГаз" басшыларына қатысты тергеу аяқталды

Барлық қылмыстық істер сотқа жолданды
Sputnik
АСТАНА, 16 қараша - Sputnik. "ӨзенМұнайГаз" АҚ басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды қаржы мониторингі агенттігі.
Ведомство мәліметінше, тергеу барысында компания бас директорының орынбасары Б.Мамбетсапаевтың кәсіпорында іс жүзінде жұмыс істемейтін адамдарға негізсіз жалақы төлеу арқылы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны анықталды.
"Бас директордың тағы бір бұрынғы орынбасары Е.Карамурзаевқа ұңғымаларды жерасты жөндеу бойынша заңсыз тендер өткізу арқылы, сатып алуға қатысқан басқа қатысушылардың мүдделеріне нұқсан келтіріп, жекелеген компаниялардың мүдделерін қорғады деген айып тағылды. Келтірілген шығып көлемі 623 млн теңге", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, алдын ала сөз байласу арқылы сеніп тапсырылған 294 млн теңгені жымқырып, талан-таражға салған "ӨМГ" АҚ мұнай-газ өндіру басқармасы директоры мен жеткізушіге айып тағылды.
Барлық қылмыстық істер сотқа жолданды. ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат таратуға жатпайды.
"Өзенмұнайгаз" кәсіподағының төрағасына ірі көлемде айыппұл салынды