АСТАНА, 15 қараша – Sputnik. Бұрынғы мәдениет және спорт министрі, Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты тағы бір тексеріс басталды. Оның Алматы облысында тарихи фильм түсіру үшін салынған қалашықты арзан бағаға сатуға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің ресми өкілі Арман Тілеукеновтың айтуынша, "Қазақфильм" компаниясының бұрынғы басшысының қылмысы әшкереленді. Ол бюджет қаражатына салынған Бутафор бекінісін арзан бағаға сатып жібергені үшін айыпталып отыр.
"2017 жылы Алматы облысындағы Іле өзені жағасында "Көшпенділер" киножобасы аясында салынған "Түркістан" бекінісі Мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы басшылығымен үлестес коммерциялық ұйымға нарықтық бағадан 44 есеге төмен бағамен сатылды. Қазіргі кезде осы автивті және жер учаскесін мемлекетке қайтару бойынша іс-шаралар қолға алынды", - деді Тілеукенов.
Ресми өкіл осы қылмысқа экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысы бар-жоғы тексеріліп жатқанын растады.