Қызылорда облысында жемқорлық жасаған 36 мектеп директоры жазаланды

Олар жұмыс істемейтін бөтен адамдарға еңбекақы төлеу арқылы 543 миллион теңге бюджет қаражатын ұрлаған
Sputnik
ҚЫЗЫЛОРДА, 15 қараша – Sputnik. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында жарты миллиард теңгені жымқырған білім саласының 36 қызметкері жазаланды.
Биыл сәуірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет еңбекақы төлеу қорынан жарты миллиардқа жуық теңге жымқырды деген күдікпен Жаңақорған аудандық білім бөлімінің басшысы мен бас экономисін ұстап, кейін қамауға алған болатын.
"Ұсталғандар білім беру мекемелерінде жұмыс істемейтін бөтен адамдарға еңбекақы төлеу арқылы 543 миллион теңге бюджет қаражатын ұрлады деген күдікке ілінді", – деп хабарлады сол кезде Антикор.
Қазіргі уақытта тергеу бітіп, іс сотқа жолданды. Бұл туралы Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департамент басшысы Ернар Мақажанов айтты.
Ұрлық жасағаны үшін айыпталушылар сотталады. Ал "өлі жандар" жұмыс істеген Жаңақорған мектептерінің директорлары жазаланды.
"29 мектеп директорына қатысты тәртіптік жаза қолданылды, жетеуі қызметтен босатылды", - деді білім беру жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте облыстық білім басқармасының бастығы Асқарбек Есжанов.