Халық тарапынан киік етіне сұраныс аса жоғары емес – БҚО әкімі

Әкімнің айтуынша, облыстағы ет комбинаттары киік етін тұрғындарға бір келісін 1 200 теңгеден сатып жатыр
Sputnik
АСТАНА, 14 қараша – Sputnik. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңірде киік етіне сұраныс төмен екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, бүгінде 10 мыңнан астам киік ауланған. 17 бригада жұмыс істеп жатыр. Оның 15-і ату әдісімен, екеуі аулау әдісімен істейді.
"Охотзоопром" оператор болып тағайындалды. Осы мекеме киік мүйіздерін сол жерде акті жасап, нөмірлеп, таңбалап, санап алады. Сосын оны арнайы сақтауға қояды. Себебі киік мүйізін сатуға рұқсат жоқ екенін білесіздер. Қазіргі таңда 11 мыңға жуық киік мүйізін кесіп алдық", -деді Төреғалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол облыста киік етін өңдейтін 8 ет комбинаты жұмыс істейтінін атап өтті. Бесеуі – БҚО, қалғандары – Ақтөбе мен Атырау облыстарынан.
"Осы ет комбинаттарына киік еті әр келісі 315 теңгеден әкелінеді. Қазір ет комбинаттары 1200 теңге айналасында сатып жатыр", - деп мәлімдеді өңір басшысы.
Төреғалиев киік еті сатыла бастағаннан кейін мал етіне сұраныс болмай қалмай ма деген сұраққа жауап берді.
"Киіктің етін кез келген адам алмайды. Оны, әсіресе, жастардың көбі білмейді. Кеңес өкіметі кезінде киік етін жеп қалған адамдар болмаса, көбі, жасыратыны жоқ, киіктің етін жеп жатқан жоқ. Былайша айтқанда аса қатты қызығушылық, сұраныс бар деп айта алмаймын. Себебі, өздеріңіз көріп отырсыздар, бағасының өзі 1200 теңге", - дейді облыс әкімі.
Айтуынша, Қарағанды облысында бір кәсіпкер киіктерді арнайы бағып, жемдеп, қолға үйрету әдісін пилоттық режимде іске қосқан.
"Ол маған осындай жолмен киік санын реттеуге болатыны туралы өз ұсынысын айтты. Біз қазір ату, аулау әдісінен бөлек, жаңағыдай әдістерді де қолға алмақшымыз", - деп атап өтті Төреғалиев.
Айтуынша, биылғы жылдың қорытындысы бойынша киіктер саны 1 млн 300 мыңнан асады. Ғалымдардың пайымынша, бір киікке 15 гектар жер керек.
"Яғни бір млн киікке 15 млн гектар жер керек. Бізде өзі 15 млн гектар жер болатын болса, оның бәрін киіктерге беріп қойсақ... Бізде бір миллионның үстінде ірі қара, екі миллионнан астам қой-ешкі бар, 350 мыңның үстінде жылқы бар. Олардың бәріне жем-шөп, азық керек. Сондықтан да киіктерге қатысты шаруа қожалықтары айқайлап айтып жүрген мәселе қазір реттеліп жатыр. Экология мен ауыл шаруашылығы министрліктері тарапынан киік санын реттеуге байланысты нормативтік құқықтық актілер қабылданды", - деп атап өтті Төреғалиев.
Қазақстанда киіктерді ату басталады