Экс-орынбасары сотталды: БҚО әкімі неліктен отставкаға кетпегенін түсіндірді

Нариман Төреғалиевтің айтуынша, бұрынғы бірінші орынбасары қылмыс жасағанда оның облыс әкімі қызметіне кіріскеніне үш ай толмаған
Sputnik
АСТАНА, 14 қараша – Sputnik. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев бұрынғы бірінші орынбасары Ержан Балтаевқа қатысты сот үкімі шыққаннан кейін неге отставкаға кету туралы өтініш жазбағанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Төреғалиевтің айтуынша, Ержан Балтаев 2023 жылы ақпан айында қылмыс жасаған.
"Біз әлеуметтік желіде осындай әңгіме тарап жатқанын көрдік. Содан кейін мен оны (Балтаевты – автор) өзіме шақырып, осы қаншалықты дұрыс деген сұраққа жауап беруін сұрадым. Біз комиссия құрдық. Сол комиссияның қорытындысы бойынша ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғанын мойындап, түсініктеме жазды. Соған байланысты мен оны теріс қылықтары үшін жұмыстан босаттым", - деді Төреғалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Облыс әкімінің айтуынша, оның экс-орынбасары жемқорлық қылмысына барғанда, Төреғалиевтің қызметке кіріскеніне үш айдан аспаған.
"Мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес, егер маған бағынышты орынбасарым қылмыс жасаған мерзімі үш айдан асып кеткен жағдайда, мен отставкаға беремін. Бірақ ол қылмыс жасаған кезде, менің қызмет еткеніме үш ай асқан жоқ. Яғни үш айдың ішінде болған жағдай. Мен 2022 жылы 2 желтоқсанда тағайындалдым. Яғни ақпанда маған екі ай ғана болды, үш ай толған жоқ. Ал егер, мысалы, қылмыс сәуір-маусым айларында жасалған болса, мен отставкаға берер едім. Сондықтан заңға сәйкес мен отставкаға берген жоқпын", - деп түсіндірді Нариман Төреғалиев.
Облыс әкімі бұрынғы орынбасарының қылмысын "ұят іс" деп атады.
"Енді Балтаев туралы айтатын болсақ, өкінішті жағдай. Менің қарамағымдағы орынбасарым және ол кезде бірінші орынбасарым болды. Бірінші орынбасарым осындай өрескел заңбұзушылыққа барғаны мен үшін, мен басқарып отырған әкімдік үшін өте ұят іс болды. Оны біз мойындаймыз", - деді өңір басшысы.
Айтуынша, алдағы уақытта жемқорлыққа жол бермес үшін облыс әкімдігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментпен бірге жол картасын әзірлеген. Сонымен қатар қазір мемлекеттік органдармен бірлескен бұйрық арқылы көбіне қаражат көп жүретін салаларда ішкі аудит жүргізіліп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 16 тамызда Орал қалалық сотында Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Ержан Балтаевқа үкім шықты. Сот оны лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, 2500 АЕК немесе 8,6 миллион теңге айыппұл салды. Бұған қоса Балтаев мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
Тергеу барысында Балтаевтың көлік жүргізушісін жұмысқа кіргізбек болғаны анықталды.
БҚО әкімі орынбасарының ісі сотта қаралып жатыр