Өзбекстан президентін жамандаған жігіт сотталып кетті

Бұған дейін мұндай қылмыс үшін көбіне бас бостандығын шектеу жазасы қолданылған
Sputnik
АСТАНА, 13 қараша – Sputnik. Өзбекстанның Самарқан облысында19 жастағы жігіт президентке тіл тигізгені үшін түрмеге қамалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Gazeta.uz порталына сілтеме жасап.
Іс материалдарына сәйкес, биыл жазда жас жігіт әлеуметтік желіде жарияланған "President family" деген видеоға өз пікірін жазған. Ол кезде шетелде жүрген. Ал сот сараптамасы кезінде президентке "тіл тигізу мен оның беделін түсіру" әрекеті анықталған. Соның негізінде қылмыстық іс қозғалған.
Жас жігіт таныстарының ақыл-кеңесінен кейін желідегі пікірін алып тастаған. Ал қылмыстық іс қозғалғанын естіген кезде өз еркімен елге оралуға шешім қабылдаған. Сотта ол өз кінәсін толығымен мойындады.
"Сотталушы президент Шавкат Мирзиёев жүргізіп жатқан саясатқа қарсы шықпағанын, жастық пен көп нәрсені түсінбегеннен кейін президентке тіл тигізетін сөз жазғанын айтты", - делінген сот хабарламасында.
Сот шешімімен ол 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек оның желідегі парақшасы бұғатталады.
Айта кетері, бұған дейін мұндай қылмыс үшін көбіне бас бостандығын шектеу жазасы қолданылған. Ал бұл жолы кінәлі адамды түрмеге отырғызуға шешім қабылданып отыр.