Алматыда шетелдік туристер саны 73%-ке өсті

Жыл соңына дейін Алматыға келетін шетелдік туристер саны жарты миллион адамға дейін жетеді деп болжанып отыр
Sputnik
АЛМАТЫ, 13 қараша - Sputnik. Алматыда биылғы бірінші жартыжылдықта шетелдік туристер саны 73%-ға өсіп, 261 мың адамнан асты. Бұл туралы Алматы қаласының туризм басқармасы мәлімдеді, деп хабарлады Almaty.tv.
Алматыға шетелден ғана емес, еліміздің өзге өңірінен де келетіндер көп. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында ішкі туристер саны 710 мың адамға жетіп, 14%-ға ұлғайды. Туристердің жалпы саны 972 157 адам, бұл 25,5%-ға өсті. Жыл соңына дейін Алматыға келетін шетелдік туристер саны жарты миллион адамға дейін жетеді деп болжанып отыр.
Жайлы демалысқа жағдай жасау үшін танымал маршруттарда кемпинг аймақтар құрылады.
Биыл 3 кемпинг аймақ (Ақбұлақ, ҮАК және Мыңжылқы) жасау жұмыстары аяқталды. Шатырлы орындар, төбесі жабық беседкалар, үстел-орындық, ұлттық стилде "Алтыбақан" әткеншектері орнатылды.
Сонымен қатар Кіші, Үлкен Алматы, Проходное, Бутаковка шатқалдарын абаттандыру жұмыстары аяқталып, Қарғалы шатқалында жұмыс қолға алынған. Маршрут бойында навигациялық көрсеткіштер, ақпараттық стендтер, қалқандар, тіректер, түрлі-түсті нұсқаушы белгілер, беседкалар (әйнектелгендерді қосқанда), орындықтар, демалуға арналған платформалар, көпірлер мен қоршаулар орнатылған.