АСТАНА, 12 қараша – Sputnik. Газа секторындағы әскери іс-қимыл басталғалы бері ливандық қозғалыс "Хезболланың" 60-тан астам адамының көзі жойылды. Бұл туралы подполковник Джонатан Конрикус мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Израиль қорғаныс әскеріөткізген арнайы брифингте соңғы мәліметтер жарияланды.
"Израильге шабуыл жасағысы келген 60-тан астам жауынгердің ("Хезболла" қозғалысы – ред.) көзі жойылды. Кейбіреулері армияға шабуыл жасағанға дейін, ал кейбіреулері шабуыл кезінде жойылды", - деді Конрикус арнайы брифингте.
Оның айтуынша, израильдік әскерилер қозғалыстың қызметін мұқият талдап отырады. Бұдан бөлек, брифинг кезінде ХАМАС пайдаланған туннельдерді жою шаралары туралы ақпарат та жарияланды.
"Біз жарылғыш заттардың көмегімен 150-ден астам туннель мен кешенді жойдық", - деп атап көрсетті Конрикус.
7 қазанда ХАМАС Израильге зымырандармен шабуыл жасады. Ал сарбазбар оңтүстік аудандарға баса көктеп кірді, әскерилерге және бейбіт адамдарға оқ атты. Жүздеген адамды кепілге алды. Жергілікті биліктің мәліметіне сәйкес, 1,4 мыңнан астам адам қаза тапты. Олардың ішінде 300-ден астам әскери қызметші бар. Сол кезде 5 мың адам жарақат алды.
Израиль Газа секторын да зымыранмен атқылады. Одан кейін шекараға жақын аудандарды бақылауға алды. Газа секторына су, азық-түлік, электр энергиясын, дәрі-дәрмек пен отын жеткізу тоқтатылды.
Осы айдың басында Израиль армиясы Джебалия босқындар лагеріне соққы жасады. Бүгінде Газа секторында қаза тапқандар саны 9061-ге жетті, 32 мыңнан астам адам жараланды. Қазақстан гуманитарлық көмек ретінде Палестинаға 1 млн доллар аударды.
Соңғы мәліметке сәйкес, Газа секторында шамамен 10 мың адам қаза тапты. 20 мыңнан астам жарақат алды. Құрбандардың жартысынан көбі – әйелдер мен балалар. БҰҰ дабыл қағып отыр. Газа секторында екі миллионнан астам адамның жағдайы өте қиын, азық-түлік тапшы, су жоқ.