Астанада бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді

Жәрмеңкеге құрылыс, білім, медицина, сауда, көлік-логистика, қаржы салаларындағы жұмыс берушілер қатысады
Sputnik
АСТАНА, 9 қараша – Sputnik. Астанада бүгін бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
"Еңбек мобильділігі орталығы" КММ 2023 жылғы 9 қарашада сағат 14.30-17.00 аралығында "Жастар" сарайында "Бос жұмыс орындары жәрмеңкесін" өткізеді", - деп жазылған хабарламада.
Жәрмеңкеде қала аумағында орналасқан мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардағы тұрақты және уақытша бос жұмыс орындары ұсынылады.
Жәрмеңкеге құрылыс, білім, медицина, сауда, көлік-логистика, қаржы және т.б салалардағы жұмыс берушілер қатысады.
Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне "Отбасы банк" АҚ, "Центр ипотеки Астана" ЖШС, "QazaqZher" ЖШС, "Астана Тазалық" ЖШС, "Банк ЦентрКредит" АҚ Астана қаласындағы филиалы және басқа да көптеген жұмыс беруші компаниялар қатысады.
Сондай-ақ іс-шара аясында мамандар "Жастар практикасы", "Алғашқы жұмыс", "Ұрпақтар келісімшарты" бағдарламалары және "enbek.kz" порталымен жұмыс істеу бойынша түсіндіру жұмысын жүргізеді.
Enbek.kz порталында бос орындар жәрмеңкесі өтеді