АЛМАТЫ, 7 қараша - Sputnik. Батыс Қазақстан облысында мал жаппай қырылып жатыр, деп хабарлайды "APK жаңалықтары" агенттігі.
Әзірге себебі белгісіз. Ветеринарлар бірнеше мал басының сынамаларын алып, зертханаға жіберді.
Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында белгісіз аурудан жүздеген ірі қара мал өлгені туралы ақпарат тарады. Аумақтық инспекцияның мәліметінше, Қарағанды ауылдық округіндегі ауылда жеті бас ірі қара мал өлімі анықталған.
Мал қазан айында өле бастаған. Далада өлген жануарларды жабайы аң-құс жеп жатыр.
"Мамандар 31 қазан мен 2 қарашада өлген төрт ірі қара мал басынан сынама алып, ветеринарлық зертханаға жіберді. Далада өлген үш ірі қарадан сынама алу мүмкін болмады. Өйткені аң-құс жеп кеткен. Зертханалық талдаулардың нәтижелері бір апта ішінде дайын болады", - дейді ведомстводағылар.
Аудандық ветеринарлардың болжамынша, ірі қаралар емкармен ауырған. Алайда ветеринарлық бақылау комитеті әзірге бұл диагноз расталмағанын айтады.
Фермерлер мал екпеден кейін қырыла бастады дейді.
Ведомствода хабарлағандай, тамыз - қыркүйек айларында Бөрлі ауданында ірі қара малға қарсы жаппай жоспарлы вакцинация жүргізілген. Вакцина отандық препаратпен жасалған. Препараттың жарамдылық мерзімі бұзылмаған. Мамандар вакцинаны да зерттеп жатыр. Қазіргі уақытта аудандағы эпизоотиялық жағдай ветеринарлардың бақылауында.