Астық қоры елді нанмен толық қамтамасыз етуге жетеді – министр

Қазіргі таңда барлық өңірде егін орағы аяқталу сатысында
Sputnik
АСТАНА, 7 қараша – Sputnik. Биыл жиналатын астық елді нанмен толық қамтамасыз етуге жетеді. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жалпы жиналатын астық 16 млн тоннаны (бидай 11,3 млн тонна) құрайды. 3 млн тонна көлеміндегі ауыспалы астық қалдықтарын ескерсек, елді нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті", – деді Сапаров үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 4,7 млн тонна астық құйылды, оның ішінде 1,8 млн тонна – 3-сыныпты астық.
Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын алаң 24 млн гектарды құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 652 мың гектарға көп. Оның ішінде астық жиналатын алаң – 17,1 млн гектар.
Қазіргі таңда барлық өңірде егін орағы аяқталуға жақын. Облыс әкімдіктерінің ақпаратынша, 16,9 млн га (98,7%) астық жиналған. Орташа өнімділігі 9,7 ц/га бастапқы салмақта 16,4 млн тонна астық бастырылды, оның 11,4 млн тоннасы –бидай (өнімділік 8,6 ц/га).
Егер дақылдар бөлінісінде қарасақ, бидай жиналатын алаң 13,4 млн га құрайды, өнімділігі – 8,6 ц/га, 11,4 млн тонна бастырылды. Майлы дақылдар 1,9 млн га немесе 68%. Орташа өнімділігі 8,4 ц/га болғанда 1,6 млн тонна май тұқымы жиналды. Оның ішінде күнбағыс орташа өнімділігі 11,6 ц/га болып, 747,5 мың тонна бастырылды.
Картоп 168,8 мың га аумақтан толығымен жиналды, жалпы өнімділігі 206,4 ц/га болып, 3,5 млн тоннаны құрады.
Көкөніс дақылдары 162,4 мың га алаңнан жиналды, өнімділік – 263,7 ц/га, 4,3 млн тонна.
Қазақстанда астық өнімінің 86%-нан астамы жиналды