Балаларды мектепке таситын көліктер тексерілді – кемшіліктер анықталды

200-ден астам кемшілік табылды
Sputnik
АСТАНА, 6 қараша – Sputnik. Ішкі істер министрлігі балаларды мектепке таситын мыңдаған көлікті тексеріп, біраз кемшілікті анықтады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, мектептердің аумағында жаяу жүргіншілер өткелдерін жол белгілерімен, жол таңбаларымен, қоршаулармен және басқа да жол жүрісін реттеу құралдарымен жабдықтау жағы тексерілді. Сол кезде 200-ден астам кемшілік табылды. Барлығына тиісті нұсқама берілді.
"Сондай-ақ, біз балалар мен жасөспірімдерді тасымалдауға арналған көліктерге көп көңіл бөлеміз. Биыл білім беру мекемелеріне тиесілі 2,5 мыңнан астам осындай көлікті тексеріп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша 250-ден астам нұсқама бердік", - деді Боранова бүгінгі онлайн брифингте.
Бүгінгі таңда мектептердің тек 65% пайызында ғана жол жүру қауіпсіздігі сыныптары бар. Ал жол жүрісіне үйретінін арнайы алаңдармен 40 проценті ғана жабдықталған. Жас инспекторлардың мектеп отрядтары да өз үлесін қосып жүр. Бірақ олардың санынәлі де арттыру қажет.
"Олардың басты міндеттері – балалар мен жасөспірімдер арасында жол жүрісі қағидаларын сақтауды насихаттау және жолдағы балалар жарақатының алдын алу. Бүгінгі таңда елімізде мектептердің тек 70% (4697) пайызында ғана жол қозғалысының жас инспекторлар отрядтары бар. Олардың қатарында 48 мыңнан астам бала бар, дегенмен бұл – аз көрсеткіш", - деп атап көрсетті аға инспектор.
Айта кетері, биыл он айдың ішінде жол апаттарынан қаза тапқан балалардың саны 14%-ға, ал зардап шеккен балалардың саны 3%-ға артып отыр. Осыған байланысты министрлік ата-аналарға ескерту жасады.
"Көз жұмған балалардың саны көбейді": ІІМ ата-аналарға ескерту жасады