АЛМАТЫ, 4 қараша – Sputnik. Маңғыстаулық полицейлер миллион теңгені алаяқтық жолмен иемденді деген күдікпен ер адамды ұстады, деп хабарлады Lada.kz.
Ол жәбірленушіні "Oil Services Company" ЖШС-ға жұмысқа орналастырамын деп алдаған.
"Алаяқ жәбірленушіден миллион теңге көлемінде ақша алған. Сонымен қатар бірнеше рет Жетібай кентіндегі жұмыссыздардың наразылық акциясына қатысуға шақырған. Митингі ұйымдастыру арқылы жұмысқа орналастырамын деп уәде берген. Жәбірленуші мұның бәрі алаяқтық әрекет екенін түсінген соң бірден құқық қорғау органдарына жүгінген", - деді ведомстводан.
Қылмыстық полиция қызметкерлері күдіктіні ұстады.
"Қарақия ауданының тұрғынына қатысты ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша құқық бұзушылықтар тіркелген. Тергеу барысында бұл күдіктінің басқа да азаматтарды алдағаны анықталды", - деді полиция.