АСТАНА, 3 қараша – Sputnik. Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының X саммитінде бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін бес елдің басшысы Түркі ынтымақтастығы ұйымдарының жаңа туларын қабылдады. Ал 6 ақпан – Табиғи апаттар құрбандарын еске алу және Түркі мемлекеттері ұйымының ынтымақтастығы күні болып бекітілді.
Алдағы уақытта ұйымда әрбір елдің тұрақты өкілі болады. Ол үшін арнайы ереже әзірлеу туралы шешім шығарылды. Сондай-ақ метрология саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама рәсімделді. Түркі мемлекеттері ұйымының 2023-2027 жылдарға арналған көлік байланысы бағдарламасын іске асыру жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді.
Айта кетері, Түркі мемлекеттері ұйымына бес мемлекет Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан мен Өзбекстан кіреді. Ал Түрікменстан, Мажарстан мен Солтүстік Кипр бақылау мәртебесіне ие. Бүгін Экономикалық ынтымақтастық ұйымына да бақылаушы мәртебесі берілді.
Биыл 6 ақпанда Түркияда алапат жер сілкінісі болды. Зілзала кезінде 50 мыңнан астам адам қаза тапты. Сол кезде Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер бірден өз көмегін жіберді. Қазақстан қаржылай және материалдық жәрдем көрсетті. Ал отандық құтқарушылар бірнеше адамды аман алып қалды.