АЛМАТЫ, 3 қараша – Sputnik. Теміржол тасымалының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ке өсіп, рекордтық көрсеткішке – 23,6 млн тоннаға жетті, деп хабарлады "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі.
"ҚТЖ – Жүк тасымалы" және "Үрімші темір жолы" компаниялары өкілдерінің бейнеконференциясында биылғы жылдың 10 айында Қазақстаннан Қытайға 14,5 млн тонна жүк жіберілгені айтылды, өсім 32%, ал кері қарай – 9,1 млн тонна жүк жөнелтілген (+8%).
Қазақстан мен Қытай темір жол ынтымақтастығын ұйымдастыру жоспарын мерзімінен бұрын орындауды жоспарлап отыр. Негізі 26,1 млн тонна тасымалдау көзделген. Бұл көрсеткішке желтоқсан айының басында қол жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Тұтастай алғанда жылдық жүк тасымалы көлемі 26,8 млн тонна болады деген болжам жасалды.
2024 жылға тасымалдау көлемі 27,8 млн тонна жүк деңгейінде жоспарланды, бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 1 млн тоннаға артық.
Бұған дейін хабарланғандай, 9 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан - Қытай жүк айналымы 21,1 миллион тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22%- ке артық. Бұл ретте экспорт 31%, ал импорт 10%-ке ұлғайды.
Атап айтқанда, Достық - Алашаңқай өткелі арқылы жылдың 9 айында Қытайға 8,5 миллион тонна жүк жөнелтілді.