Петропавлда 180 адам көктайғақта құлап, жарақат алды

Медициналық көмекке жүгінгендердің басым бөлігі егде жастағы адамдар. Үш науқас ауруханаға жатқызылды
Sputnik
АЛМАТЫ, 1 қазан – Sputnik. Петропавлда бірнеше күнде көктайғақ салдарынан 180 адам түрлі дене жарақатын алған. Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қалада жол апаты да жиіледі, деп хабарлады Almaty.tv.
Көктайғақтың салдарынан ауруханаға түскендер күрт көбейді. Соңғы 3 күнде тайып жығылып, қаланың жарақат емдеу пунктіне жүгінгендер саны 180-ге жеткен. Олардың 63-і көшеде құлаған. Сондықтан травматолог мамандар тұрғындарға абай болуды ескертеді.
"Медициналық көмекке жүгінгендердің басым бөлігі егде жастағы адамдар. Үш науқас ауруханаға жатқызылды. Олар ем алып жатыр. Бірінің жамбас мойны сынған. Қалғандарына алғашқы медициналық көмек көрсетілді", – деді көпбейінді қалалық аурухана пунктінің меңгерушісі Валерий Грибашов.
Қаланың коммуналдық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қыс мезгіліне 160-тан астам техника мен 2 200 текше метрге жуық құм-тұз қоспасы дайындалған.
Көктайғақтың салдарынан жол-көлік оқиғалары да жиілеген. Облыс орталығында соңғы 2 күнде ұсақ 29 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Жалпы биылғы 9 айда СҚО-да 268 жол апаты болған. Салдарынан 34 адам қаза тауып, 386 адам түрлі дене жарақатын алған.