АЛМАТЫ, 31 қазан – Sputnik. "Өзенмұнайгаз" АҚ №2 ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасының кәсіподақ төрағасына 30 миллион теңге айыппұл салынды. Бұл туралы Маңғыстау облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Шамурайт Шаменов мәлімдеді, деп жазды Lada.kz.
"Өзенмұнайгаз" АҚ №2ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасы кәсіподағының төрағасы акционерлік қоғамның лауазымды тұлғаларына жұмыстан шығармағаны үшін және кейіннен слесарь лауазымына ауыстырғаны үшін ақша беремін деген сылтаумен басқарма жүргізушісінен 1,5 миллион теңге сомасында пара алды деп айыпталды.
"Жаңаөзен қалалық сотының үкімімен кәсіподақ төрағасы Қ.Мамаевқа 30 миллион теңге көлемінде айыппұл салу түрінде жаза тағайындалды", - деп хабарлады Шамурайт Шаменов.
Сондай-ақ кәсіподақ төрағасы мемлекеттік және сот қызметтерінде, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енді.