АЛМАТЫ, 31 қазан – Sputnik. HR.Enbek.kz еңбек ресурстары порталында электронды еңбек шарттарын жасайтын функционал іске қосылды, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Портал 2023 жылғы қазанда қосылды. Қызметкерлер құжатқа портал және Enbek HR мобильді қосымшасы арқылы қол қоя алады.
"Бұрын еңбек шарттары қағазда жасалып, олар туралы ақпаратты кадр қызметтері еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізген. Енді жұмыс берушілерге қажетті мәліметтерді толтыру үшін ыңғайлы конструкторды пайдалана отырып, порталда, оның ішінде "Еңбек шарттары" бөлімінде құжаттың жобасын жасауға болады. Сондай-ақ шарттың жеке файлын жүктеп, жұмыскердің жеке кабинетіне қол қоюға жібере алады", - деп жазылған ведомствоның хабарламасында.
Жаңа функция Enbek HR мобильді қосымшасында қолжетімді. Қосымшаны AppStore мен PlayMarket-тен жүктеп алуға болады.
"Тараптар шарт талаптарымен келіскен жағдайда, оған ЭЦҚ немесе QR-қолтаңба көмегімен eGov мобильді қосымшасы арқылы қол қоюға болады. Осыдан кейін электронды еңбек шарты Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне автоматты түрде тіркеледі және жұмыс берушіге де, жұмыскерге де қарау және жүктеу үшін қолжетімді болады", – деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.
Қажет болған жағдайда оның түпнұсқалығы құжатқа көрсетілген QR-кодпен расталады.