АСТАНА, 30 қазан – Sputnik. Түркістан облысы 6 миллион теңге айыппұлды төлемей жүрген жүргізуші ұсталды.
ПД Жедел басқару орталығынан патрульдік полицейлерге төленбеген берешегі бар "Тойота Камри" автокөлігін ұстау туралы дабыл түсті.
"Жедел басқару орталығына сот орындаушының 6 миллион теңгеден астам төленбеген айыппұлы бар облыс орталығы тұрғынының автокөлігін табу туралы өтініші келген. Кезекші полицей бейнебақылау камераларының көмегімен аталмыш автокөлікті анықтап, патрульдік полиция экипаждарын борышкер-жүргізушіні іздеуге бағыттады", - деп хабарлады Отырар.
Қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері "Алматы-Ташкент-Термез" тас жолында іздеуде жүрген автокөлікті тоқтатып, борышкердің көлігін айыптұраққа қойды.
Полицейлер жүргізушілерге әкімшілік айыппұлдарды уақытында төлеуге кеңес берді.