Арнайы төлемдер кімге және қалай төленетінін толығырақ Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
Тоқаевтың тапсырмасы
Биыл 1 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыр және зиянды өндірісте жұмыс істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем төлеуді тапсырды.
"Өз саласына сіңірген үлесін және денсаулығына келген зиянын ескере отырып, ондай жұмысшыларға зейнет жасқа жеткенге дейін 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем беріледі. Парламентті үкіметтің ұсынысын тездетіп қарауды сұраймын. Адамдар осы мәселенің шешімін күтіп отыр", - деген еді мемлекет басшысы халыққа жолауында.
Айта кетері, ауыр және зиянды өндірісте істейтін жұмысшылар қатарына шахтерлер, металлургтер, кеншілер және тағы басқалары кіреді.
Арнайы төлем алудың шарттары
Зиянды әрі ауыр салада еңбек ететін қазақстандықтарға арнайы әлеуметтік төлем алу үшін екі талап қойылады:
жұмысшы 55 жасқа толған болуы керек;
7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасы болуы шарт.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жұмысшының ай сайынғы табысының 5%-і мөлшерінде төленеді. Жұмыс берушілер кәсіптік жарнаны БЗЖҚ-ға тек зиянды санатқа жататын салаларда істейтін қызметкерлері үшін аударады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова зиянды еңбек жағдайында 7 жыл еңбек өтілінің болуы туралы талап не үшін енгізіліп жатқанын түсіндірді. Айтуынша, еңбек кітапшасында "зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеді" деп жаза салуға болады. Бірақ оған нақты дәлел жоқ.
"Сіз барасыз да мен 55 жасқа келдім, міне, шахтада істедім, маған ақша төлеңіз деп айта аласыз. Біз ондайға жол бермеу үшін ешқандай қағаз берудің қажеті деп отырмыз. Ақпараттық жүйелерден өзіміз қарап, зейнетақы жарналарының бар-жоғын тексеріп, еңбек өтіліңізді санап береміз. Содан кейін төлемді тағайындаймыз", - деді министр.
Еңбек министрлігінің есептеуі бойынша арнайы әлеуметтік төлемдер 46 мыңға жуық жұмысшыға төленеді.
Осы өзгерістерді жүзеге асыру үшін жыл соңына дейін Азаматтық және Әлеуметтік кодекстерге, "Қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқару кезінде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" заңға өзгерістер енгізіледі.
Шахтерлерге қанша төленеді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы төлемдердің нақты мөлшерін әзірге жария еткен жоқ. Бірақ үкіметте әлеуметтік блокқа жауапты вице-премьер Тамара Дүйсенованың айтуынша, арнайы төлемдер 150 мың теңгеден көп болады.
"Біз ең төменгі жалақы 70 мың теңге екенін ескеріп есептегенде орташа 158 мың теңге шықты. Бірақ 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге дейін көтеріледі. Сондықтан еңбек министрлігі қайтадан есептейді деп ойлаймын. Сол себепті оның мөлшері мен айтқаннан жоғары болуы мүмкін. Бірақ оның 158 мың теңгеден көп болатыны анық", - деді ол журналистерге.
Арнайы төлемдер жалақымен қатар беріледі.
Ақша қай көздерден түседі
Арнайы төлемдер үш көзден – республикалық бюджет, өмірді сақтандыру компаниясы және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленеді.
Қазір еңбек министрлігі үш жылға бюджет өтінімін рәсімдеген. Республикалық бюджеттен жылына 15 млрд теңгеден жалпы сомасы 45 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
Арнайы төлемдер қай уақытқа дейін төленеді
Зиянды өндірісте істейтін жұмысшыларға арнайы әлеуметтік төлемдер зейнет жасына жеткенге дейін төленеді. 63 жасқа толған соң оларға зейнетақы тағайындалады.
Зейнетке шыққаннан кейінгі өмір сүру ұзақтығы
Зейнетақы қоры қауіпті әрі зиянды өндірісте еңбек ететін адамдардың зейнетке шыққаннан кейін орташа есеппен қанша жыл өмір сүретінін анықтады.
"Ауыр жұмыста істемейтін қарапайым адам үшін зейнет жасына жеткеннен кейін өмірінің соңына дейінгі кезең 63 жас + 17 жылды құрайды. Бұл ерлер үшін. Ал зиянды өндірісте істейтіндерде бұл кезең қысқа – 10 жылға дейін", - дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.
Өндірістік жарақат азаймай тұр
Елімізде өндірістік жарақат алудың жиілеуі өте өткір мәселе болып тұр. Осыған байланысты президент үкіметке 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын жыл соңына дейін қабылдауды тапсырды.
Тұжырымдама аясында жұмыс орнында кәсіптік қатерді бағалаудың жаңа моделін енгізу, кәсіптік қатер дәрежесі бойынша сақтандыру тарифін саралау, кәсіпорындардың цифрлық картасын құру, еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылау және мониторингтің проактивті форматын енгізу шаралары ұсынылып отыр.
Құжат жұмыс орнындағы кәсіптік қатерлердің алдын алуға және жоюға бағытталады деп жоспарланған.