АСТАНА, 28 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ны Қазақстан тарихындағы ең нашар компания деп атады.
Президент бүкіл еліміз бойынша 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын және "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қатысты тиісті шара қабылданатынын жеткізді.
"Ертең бүкіл еліміз бойынша жалпыұлттық аза тұту күні жарияланады. Мен "АрселорМиттал Теміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек", - деді Тоқаев Қарағандыда Костенко атындағы шахтада болған апаттан зардап шеккен кеншілердің отбасыларымен кездесу барысында.
Мемлекет басшысы кезінде "АрселорМитталда" жұмыс істеген Вадим Басинге кәсіпорынға қайта оралуды тапсырды.
"Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері "АрселорМитталда" жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.