АЛМАТЫ, 27 қазан - Sputnik. Шымкентте бір отбасы газдан уланып қайтыс болды. Оқиғаның болжамды себеп-салдарын Sputnik Қазақстан агенттігіне "Казтрансгаз аймақ" компаниясының аймақтағы басшылығы айтып берді.
Қайғылы оқиға 27 қазанда Ынтымақ ықшам ауданында болған. Бір отбасының 5 мүшесі: 39 жастағы отағасы мен әйелі, үш баласы қайтыс болды. Балалардың екеуі 15, 16 жастағы қыз және 11 жастағы ұл.
"Оқиға болған жерге жеткен апаттық диспетчер қызметкерлері жылыту қазандығының беткі қақпақ жабындысы мен мұржаның жоқтығын анықтаған. Сондай-ақ автоматикаға қосылмай, тікелей жалғанған. Осының салдарынан үйдегі 5 адам газға уланды деген қауіп бар", - дейді "Казтрансгаз аймақ" компаниясы Шымкент қаласы филиалы басшысының орынбасары Елдар Қуандықов.
Мамандар үй иесі газды заңсыз қосып алған дейді.
"Марқұмдар табылған үй биыл шілдеде газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбаған үшін табиғи газдан ажыратылған. Яғни, кемшіліктер анықталған. Қазіргі күні сот сараптамасы жасалып жатыр", - дейді Елдар Қуандықов.