Қарызы бар кәсіпкерлердің есепшотын бұғаттау тәртібіне өзгеріс енгізіледі

Салық бойынша берешегі бар адам әлеуметтік төлем алып жүрсе, оның есепшоты бірден бұғатталмайды
Sputnik
АСТАНА, 27 қазан – Sputnik. Қаржы министрлігі әлеуметтік төлемге қарызы бар кәсіпкерлердің есепшотын бұғаттау тәртібіне өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде Салық кодексіне тиісті түзету енгізуге қатысты ұсыныс бар. Оған сәйкес, әлеуметтік төлем бойынша берешегі бар кәсіпкердің есепшоты бірден бұғатталмайды.
"Бүгінде қарызды мәжбүрлеп өндіріп алу кезінде әлеуметтік төлем бойынша шек қойылмаған. 100 теңге немесе 200 теңге қарыз болса, біз банк шоттарын бұғаттаймыз. Ол дұрыс емес. Сондықтан әлеуметтік төлемдер бойынша шекті көтеру керек деп санаймыз. Қазіргі таңда ондай шек жоқ", - деді қаржы вице-министрі Ержан Біржанов сенатта өткен үкімет сағатында.
Отырыс кезінде ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров табыстың көлеміне қарай салықты арттыру бастамасын түсіндірді. Оның айтуынша, жылына 40 миллионнан артық табыс табатындар осы сомадан асқан бөлігіне 15 проценттік салық төлейді.
Қанша жалақы алатындар 15 процент салық төлейді – министр түсіндірді