АСТАНА, 26 қазан – Sputnik. Астана халықаралық әуежайында жолаушылардың жүгін ұрлаған қызметкерлердің әрекетін дисциплинарлық комиссия қарап жатыр.
"Қазіргі таңда ұрлау фактісіне қатысы бар қызметкерлердің әрекеті дисциплинарлық комиссияның қарауында. Одан бөлек құзырлы органдар тергеу жүргізіп жатыр. Тергеу аяқталып, сот шешімі шыққан соң қызметкерлердің жұмыста қалу-қалмауы белгілі болады. Алайда қазір аталған іске қатысы бар әуежай қызметкерлері жұмыста емес", - дейді Астана халықаралық әуежайының ресми өкілі, PR бөлімінің басшысы Тойгүл Жубанисова.
Оның айтуынша, әуежайдың жүк бөлімшесі толықтай бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Алайда жолаушылардың жүгі перронда багаж лентасынан ұшақтың жүк бөліміне өткенде "көрінбейтін аймаққа" түседі. Яғни ұшақтардың жүк бөлімі бейнебақылау камераларымен жабдықталмаған.
"Келеңсіз жағдайлардың алдын алу және ұрлық фактілерін азайту мақсатында әуежай әкімшілігі "көрінбейтін аймақтарға" камера орнату жұмыстарын пысықтап жатыр", - деді ол.
Әуежай әкімшілігі жолаушылардан құнды заттарын қол жүгінде алып жүруін сұрады.
Бұған дейін елорда әуежайында жүк ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ ұсталғаны хабарланған болатын. Көлік полицейлері 6 жүк тиеушіні ұстады. Олар "Астана – Стамбул" рейсі жолаушысының шабаданынан 19 мың доллар, ал Дубайға ұшқан жолаушыдан 7 800 доллар ұрлаған.