Өткен аптада олигарх және Нұрсұлтан Назарбаевтың экс-құдасы Қайрат Боранбаевтың бас бостандығынан айыру жазасы бас бостандығын шектеуге ауыстырылғаны белгілі болды.
Сот Боранбаевтың өтінішін қанағаттандырды, бірақ ол пробациялық бақылауда болады. Соттың баспасөз қызметі Боранбаев қамауда отырған кезінде өзін оң қырынан көрсетіп, мемлекетке келтірілген залалды толығымен өтегенін, тергеуге белсенді түрде көмектескенін және жасаған әрекетіне өкінетінін хабарлады.
Боранбаевтың мемлекет меншігіне өткен мүлкі мен шоттағы ақшасы
Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, Қайрат Боранбаев мемлекетке өз еркімен мыналарды өткізді:
Алматыдағы "Алмалы" сауда ойын-сауық орталығының ғимараты;
мүлікті жалға беру және басқарумен айналысатын "Unity Hall" ЖШС, бұл нысандар 33,75 миллиард теңгеге бағаланды;
Алматы, Астана және Қарағанды қалаларындағы Fitnation фитнес-клуб желісі;
құны 1,4 миллиард теңге болатын Comfort Hotel Astana қонақ үй кешені;
2,6 миллион тонна мұнай және 13,2 миллион текше метр газ қорына ие "Қаражанбас Северный" кен орны – 35,4 миллиард теңге;
"Азия Газ Чунджа" газ тарату компаниясы – 14 миллиард теңге;
"ҚазҚұбырЖөндеу Сервистік Орталығы" ЖШС мұнай-газ жабдықтарын өндіру және жөндеу зауыты – 9 миллиард теңгеден астам.
Назарбаевтың бұрынғы құдасының мемлекетке қайтарылған мүлкі 123,5 миллиардтан астам теңгеге бағаланып отыр.
Сондай-ақ ол Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн доллардан астам, яғни 30 миллиард теңгеден астам қаражат аударды.
Айта кетейік, 2023 жылдың наурыз айында сот шешімімен кәсіпкерден мемлекет пайдасына мыналар тәркіленді:
құны 686 миллион теңге болатын Алматы қаласындағы Әл-Фараби, 77/7-1 мекенжайындағы коммерциялық үй-жай жер телімімен қоса алғанда;
"Халық банк" шотындағы 1,27 миллиард теңге қаражат;
"Халық банктегі" түрлі шоттардағы 7 миллион доллардан астам қаражат.
Сонымен қатар, 2022 жылдың сәуірінде ол қамауға алынғаннан кейін бір айдан соң Боранбаевтың бақылауындағы ақылы автотұрақтар Алматы әкімдігіне қайтарылды. Бұл "Алматы СпецТехПаркинг сервис" ЖШС-ның 70%-ін және "Alan Parking" ЖШС-ның 100%-ін құрайды.
Бұл нысандардың барлығы мемлекеттік органдар мен компаниялардың теңгеріміне беріледі, ал қаражат білім беру инфрақұрылымын дамытуға бағытталады, деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігі.
Қайрат Боранбаевтың соты
Қайрат Боранбаев 2022 жылы 15 наурызда ұсталып, қамауға алынды. Олигарх пен оның іскер серіктесі Роман Наханов, сондай-ақ "Qazaq Gaz" АҚ басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 миллиард теңгені ұрлады және қылмыстық жолмен табылған қаражатты жымқырды деп айыпталды.
2022 жылдың 30 желтоқсанында Астанада оларға қатысты сот процесі басталды. Осы жылдың наурыз айының соңында сот оларды кінәлі деп тауып, қазақстандық кәсіпкер мен оның сыбайластарын 8 жылға бас бостандығынан айырды.
2023 жылдың қыркүйек айының ортасында Боранбаев өз кінәсін мойындап, активтерін мемлекетке беріп, тергеумен белсенді түрде жұмыс істей бастады. Содан кейін оның жазасы 6 жылға дейін қысқартылды.
Тағы бір айдан кейін мемлекет қазынасы олигархтың миллиардтаған теңгесімен толықты да, сот түрме жазасын шартты жазаға ауыстыру туралы шешім қабылдады.
Еске салсақ, Қайрат Боранбаев – қазақстандық кәсіпкер, Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы құдасы. Оның қызы Әлима 2020 жылдың тамыз айында қайтыс болған Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтанға тұрмысқа шыққан.
Ол 2016 жылдан бастап ең бай 15 қазақстандықтың қатарына кірді. 2023 жылдың басында жабылып қалған McDonald's франшизасына иеленген еді. Оның активтерінің қатарында сауда орталықтары, жылжымайтын мүлік саласындағы және мұнай-газ секторындағы компаниялар бар. Ол ресейлік "Спутник V" вакцинасы шығарылған Қарағанды фармацевтикалық кешенінің акционері.
2021 жылы оның таза байлығы 590 миллион долларға бағаланды.