АСТАНА, 26 қазан – Sputnik. ЕАЭО аясында тауар айналымын бақылаудың бірқатар жаңа тетіктері қабылдануда, оның ішінде навигациялық пломбалар да бар. Бұл туралы одақтың транзиттік әлеуетін дамыту мәселесіне тоқталған Қазақстанның премьер-министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.
"Ұйымға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін барлық жүк ағыны қадағаланатын болады. Сонымен бірге біз елдеріміздің бизнесі үшін навигациялық пломбаларды кезең-кезеңімен және мүмкіндігінше күрделендірмей енгізуіміз керек. Мен Комиссияға осыны бизнестің пікірін ескере отырып жүзеге асыруды ұсынамын", - деді премьер-министр ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырысында.
Ол ЕАЭО-ның сауда-экономикалық тректі дамытуда пайдаланылмаған үлкен әлеуеті бар екенін, бірақ жаңа табыстарға жету үшін интеграцияның қазіргі жағдайына шынайы баға беру керектігін айтты.
"Осы мақсатта биылғы жылдың мамыр айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев міндеттемелердің орындалу барысын бағалауды тапсырған болатын. Ұсынылған баяндама жобасын сапалы түрде жетілдіру қажет деп есептейміз", - деді министрлер кабинетінің басшысы.