Қоқысты көшеге тастай салу қалыпты әдетке айналған – Смайылов

© Sputnik / Вера КарповаАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.09.2023
Жазылу
Премьер-министрдің айтуынша, елімізде қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптаспаған
АСТАНА, 26 қыркүйек – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов заңсыз қоқыс үйінділерінің көбеюін тоқтату үшін министрлер мен әкімдерге бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, қоқыс үйінділері өзекті экологиялық проблемалардың біріне айналып отыр. Мәселен әлемнің көптеген елі қалдықтарды қайта өңдеп, утилизация жасайды. Тиісті инфрақұрылым жасалып, халықтың қоқыспен жұмыс істеу мәдениеті қалыптасқан. Нәтижесінде Еуропа елдерінде қалдықты өңдеу көрсеткіші 50%-ке жеткен. Бүгінде Швеция тұрмыстық қалдықтардың 99%-ін қайта өңдеп, пайдаға жаратып отыр.
"Ал біз болсақ әлі күнге дейін қоқысты жоюдың жинақтау немесе көму сияқты әбден ескірген әдісін қолданып келеміз. Жыл сайын Қазақстанда 4,5 млн тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдық пайда болады. Мыңдаған стихиялық қоқыс полигоны жағдайды қиындатып отыр. Әкімдіктер оларды жою үшін бюджеттен қомақты ақша бөледі. Қалдықтарды заңсыз тасымалдау және жинақтау фактілерін анықтау үшін рейд шаралары жүргізіледі. Заң талаптарын бұзғаны үшін салынатын айыппұл мөлшері де ұлғайтылды. Алайда атқарылып жатқан шаралар жеткіліксіз", - дейді Смайылов үкімет отырысында.
Премьер-министр қалдықтарды басқару саласындағы қазіргі ахуал өте күрделі екенін атап өтті.
"Осы күнге дейін заманауи қоқыс өңдеу зауыттары іске қосылған жоқ. Өкінішке қарай, бізде қалдықтармен жұмыс істеу мәдениеті қалыптаспады. Көп жағдайда қоқысты көшеге тастай салу қалыпты әдетке айналған. Қоқыс үйінділеріне қатысты ауылдардағы жағдай бұдан да күрделі", - деп алаңдады үкімет басшысы.
Осыған байланысты Смайылов құзырлы органдарға бірқатар тапсырма берді:
әкімдіктер 1 қарашаға дейін Коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын бекітуі қажет;
әкімдіктер осы жылдың соңына дейін заңсыз қоқыс үйінділерінің санын 2 есеге қысқартуға тиіс.
экология министрлігі ІІМ-мен бірлесіп, рұқсат етілмеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдату бойынша заңнамалық түзетулер енгізуі керек;
әкімшілік айыппұлдарды ұлғайту қажет, заң бұзу фактілері қайталанса, соған сәйкес салынатын айыппұл мөлшері де өсуге тиіс;
халықаралық тәжірибені зерттеп, қоқысты бөліп жинау, утилизациялау және қайта өңдеу бойынша заңнамаға тиісті түзетулер әзірлеу.
"Қалдықтарды жоюдың қазіргі жүйесі, оның ішінде тариф мәселесі ешқандай сын көтермейді. Саланың тиімділігі жоқ, жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік бермейді. Жыл соңына дейін жаңа тәсілдерді әзірлеу керек", - деп тапсырды премьер.
Сондай-ақ экология министрлігіне әкімдіктермен бірге 1 желтоқсанға дейін еуропалық озық тәжірибені ескеріп, қалдықтарды жойып, қайта өңдейтін жаңа зауыттар салу бойынша ұсыныстар әзірлеу туралы тапсырма берілді.
"Мәселен, Швеция, Франция, Жапония сияқты елдерде зауыттар үлкен жерді алып отырған жоқ. Сонымен қатар түтін мен иіс шығармайтын технологиялар қолданылады", - дейді Смайылов.
Бұдан бөлек, экология, оқу-ағарту, ғылым министрліктері жыл соңына дейін қоқыспен жұмыс істеу мәдениеті мәселелерін әзірлеп, оны балабақшадан бастап университетке дейін оқу бағдарламаларына енгізуге тиіс.
Смайылов осы тапсырмалардың орындалу қорытындысы жыл соңында үкімет отырысында тыңдалатынын ескертті.
Жаңалықтар
0