АСТАНА, 23 қазан - Sputnik. Қытайдың Ханчжоу қаласындағы "Үлкен Лотос" олимпиада стадионында IV Азия Пара ойындарының ашылу салтанаты өтті.
Ойындардың ашылу салтанатында еліміздің туын пара волейболдан Азия чемпионатының күміс жүлдегері Жанғали Сүйеуов және пара үстел теннисінен халықаралық жарыстардың чемпионы Алтынай Ержанқызы ұстап шықты.
Қазақстандықтар Қытайдағы Азия пара ойындарының салтанатты ашылуына қатысты
© Туризм және спорт министрлігі
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев Азия Пара ойындарына қатысушыларды құттықтап, спортшыларымызды қолдауға шақырды.
"Пара спортшылардың мұндай ірі додаға қатысуының өзі үлкен жеңіс. Тағдырдың тосын сынағына сынып кетпей, ерік-жігерінің, спортқа деген құштарлығының арқасында осындай дәрежеге жетіп отыр", - деді министр.
Қазақстандықтар Қытайдағы Азия пара ойындарының салтанатты ашылуына қатысты
© Туризм және спорт министрлігі
Айта кетейік, қазанның 22-28 аралығында өтетін спорттық додаға 43 мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады. Байрақты бәсекеде 131- спортшымыз 14 спорт түрінен өнер көрсетіп, 485 медаль жиынтығын сарапқа салады.