Маңғыстауда жаңа газ құбыры іске қосылды

Смайылов аталған жоба өңірдің экономикалық дамуы үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті
Sputnik
АСТАНА, 23 қазан – Sputnik. Премьер-министр Әлихан Смайылов телекөпір арқылы ұзындығы 308 шақырым болатын "Бейнеу-Жаңаөзен" магистралды газ құбырының екінші желісін іске қосты, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
"Бейнеу-Жаңаөзен" магистралды газ құбырының екінші желісін іске қосу елді мекендерді, ірі өнеркәсіптік нысандарды, сондай-ақ жылу және электр қуатын өндіретін Маңғыстау облысының бас энергетикалық кәсіпорны – "МАЭК" ЖШС-ны газбен тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деп жазылған хабарламада
Әлихан Смайылов аталған жоба өңірдің экономикалық дамуы үшін үлкен маңызға ие екенін атап өтті.
Оның айтуынша, "Бейнеу-Жаңаөзен" газ құбырының екінші желісінің өткізу қабілеті жылына 5,8 млрд текше метрді құрайды. Бұған дейін "Окарем-Бейнеу" газ құбырының аталған бағыт бойынша өндірістік қуаты шамамен 3 млрд текше метр ғана болатын.
Премьер-министр Әлихан Смайылов "Бейнеу-Жаңаөзен" магистралды газ құбырының екінші желісін іске қосты
Енді екі газ құбырының жалпы өткізу қабілеті жылына шамамен 9 млрд текше метрге жетеді, бұл өңір қажеттіліктерін толығымен жабады.
"Көгілдір отынды үздіксіз жеткізу Маңғыстау облысының экономикалық дамуына белсенді ықпал етеді. Сонымен қатар аталған жоба еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайта түседі", — деді Әлихан Смайылов.
"Бейнеу-Жаңаөзен" жаңа газ құбырын салу жобасына QazaqGaz және "Самұрық-Қазына" АҚ-ның жеке қаражаты есебінен шамамен 180 млрд теңге инвестиция тартылды. Сонымен қатар "Жаңаөзен-Жетібай-Ақтау" ірі газ құбырының үш желісін күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.