АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. Ресейге тауарлардың 106 түрін сатуға тыйым салынғаны туралы ақпарат дұрыс емес, деп мәлімдеді Сауда және интеграция министрлігі.
"Сауда және интеграция министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарында тараған Ресейге тауарлардың 106 түрін сатуға тыйым салынғаны туралы ақпараттың дұрыс еместігін ресми түрде мәлімдейді", - деп жазылған хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан мен Ресейдің сауда қатынастарын реттеу Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шарттың ережелеріне толық сәйкес жүргізіледі.
"Ресейге қарсы санкцияларға байланысты Ресей Федерациясына кез келген тауарларды экспорттауға тыйым салынбаған", - деп жазылған хабарламада.
Министрлік экспорттық бақылауға жататын "қос мақсаттағы" тауарлармен сауда ҚР халықаралық міндеттемелеріне сәйкес жүзеге асырылатынын атап өтті.
"Қазақстан заңнамасына сәйкес мұндай тауарларға қатысты экспорт, импорт және транзит кезінде тиісті лицензия алу қажет. Экспорттық бақылау жүйесі қос мақсаттағы тауарларды әкелу, әкету және транзиттеу үшін қажетті рұқсат құжаттарын алуды көздейтін сауда саясатының ерекше саласы болып саналады", - деп толықтырды ведомство.
Экспорттық бақылау ұлттық құзыретке жатады, ол ЕАЭО туралы шартта да бар.
Сауда және интеграция министрлігі бұл ретте қос мақсаттағы тауарларды экспорттық бақылау халықаралық тәртіпке сай 20 жылдан астам уақыт бойы жүзеге асырылып келе жатқанын еске салды.