АСТАНА, 20 қазан – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ел халқы несие қамытын киіп отырғанын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Спикердің айтуынша, өңірлерге барғанда көбінің айтатыны бір нәрсе, ол – несиеге тәуелділік.
"Бұл, өкінішке қарай, жалпыхалықтық сипат алған құбылысқа айналып тұр. Оған мына цифрлар айғақ болады. Қазіргі уақытта халықтың 84 пайызында, яғни 8,4 миллионнан астам адамның қарызы бар екен. Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі –шамамен 1,4 трлн теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Осының бәрі несие проблемасының қаншалықты асқынып кеткенін көрсетеді", - деді Қошанов парламенттік тыңдауда.
Айтуынша, қазір "халық несие қамытын киіп отыр".
Қошанов адамдардың несиеге тәуелділігі мен қаржылық сауатының төмендігі үлкен әлеуметтік проблемаға айналғанын айтты.