"Қатерлі ісік ішінде сүт безі обыры бірінші, өкпе обыры екінші, тоқ ішек обыры үшінші, асқазан обыры төртінші орында. Сүт безі қатерлі ісігі әйелдердің онкологиялық патологиясы құрылымында 1-ші орында және осы позицияда тұрақты болып қалады. Бір қуаныштысы сүт безінің қатерлі ісігінен өлім-жітім азайған. Ең бастысы дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгіну", - дейді онколог-маммолог Индира Тәжікова.
"Маммология саласында мастопатия кезекші диагноз болып саналады. Науқаста ауырсыну болса, УДЗ, рентгенолог дәрігерлері мастопатия диагнозын қояды. Егер толықтап, нақтылап келетін болсақ, мұндай диагноз бізде жоқ. Науқаста обыр, киста, фиброаденома болуы мүмкін. Немесе басқа да бір қатерсіз ісіктер кездесуі мүмкін. Бірақ мастопатия емес. Обырлардың немесе қатерсіз ісіктердің ішінде обырға алып келетін диагноздар бар. Бірақ мастопатия обырға алып келмейді", - дейді маман.